Общество

 
3D-үлгісінде жасалған мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген құлшынысын да арттырады екен.

Алдаркөсе бейнесі қандай болуы керек?

Автор: Айдар ҚУАТҰЛЫ
08.02.2013
Алматыда қарадомалақтарға арналған қазақ мультфильмдер жинағының тұсаукесері өтті. Жинақтың пайдасы мен зияны қандай? Балалардың психологиясына кері әсер ететін келеңсіз жайттарды не істемек керек? Негізі қазақ ертегілерінің мультфильмін жасағандарға көрермен тарапынан сын айтылды.

Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011—2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағының тұсаукесер рәсімін жасады. Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетовтің айтуынша, жинақ еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді дамытуға сеп болмақ, әрі қазақтың қарадомалақтарын рухани тұрғыда өсіруге көп көмек.

«Ел болам десең, экраныңды түзе»

Жинақтағы 14 дискіден тұратын 40 сериялы мультфильмді қазақтың халық ертегілерінің желісі бойынша «Azia animation» компаниясы түсірген көрінеді. Әр ертегіден кейін берілетін тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемдерді қазақша және орысша беру арқылы тіл үйретуді көздейтін бұл жинақ «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасының негізінде түзіліпті. Ауыз әдебиетін ертегі арқылы бүлдіршіндерге оңай әрі жеңіл үйретуді көздейтін жинақта балақайлар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-үлгісінде жасалған мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген құлшынысын да арттырады екен. Жинаққа «Алдар көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильмі, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізіліпті.

Жобаны жүзеге асырғандар — ағайынды Игорь Краус пен Артур Краус. Балақайларға арналған мемлекеттік тілдегі дүниелер көбейген сайын отандық өнер қайраткерлерінің қосар үлесі де молая бермек. Бүгінде сондай азаматтардың алдыңғы қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыс бар. Бұл орайда Мамай Ахетов: «Әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары анимациялық фильмдерге түсуді өздеріне үлкен мәртебе санайды. Біздің Қазақстанда да солай. Осы орайда қазақ мультфильмдеріне үлес қосып жүрген Бекжан Тұрыстың орны бөлек»,— деді. «Алдаркөсенің көңілді оқиғалары» ертегісінде Алдардың рөлін сомдайтын Бекжан Тұрысты кей балақай Алдар аға атап кетіпті: «Кейде үйге хабарласып, «Алдар аға, сізге көп рахмет» деп алғыстарын білдіріп жатады. Оған мен ренжімеймін. Қазір Алдарлар мен Шығайбайлардың заманы болды ғой», — деп ағынан жарылған актер мультфильм авторларының бірі болуға не себепті келіскенін түсіндірді: «Смағұл Елубай ағамыздың «Ел болам десең, экраныңды түзе» деген сөзі ұнайды. Экран арқылы балалар Шварценнегер де болды, Ван Дамм да болды, шет елдердің мультфильмдегі кейіпкерлерге еліктеді. Өнер — тұтас бір мемлекеттің бетпердесі. Кеше қасиетті қара шаңырақта бізге сара жолды салып берген аға буынның аманатына қиянат жасамауды өмірлік қағидама айналдырғам. Жаным — қазақ, рухым — қазақ. Қазақы дүниелерді жасауға үлес қосумен келемін. «Алдаркөсенің» аудармасын қолыма алғаш алғанда келіспейтін тұстарым болды. Сондықтан қазақтың қарадомалақтарының табиғатына жақын етіп жасадым».

Тұсаукесер рәсімінде ұйымдастырушылар басқарма тапсырысымен жасалған «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенін таныстырды. Мектеп жасына дейінгі балаларға Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, әнұран, қазақтың ою-өрнектері, әндер мен тақпақтардан тұратын кешеннің пайдасы сол, баланың жан-дүниесін қазақы дәстүрмен байытады, мемлекеттік маңызы бар нәрселерді көкейге тоқып өседі әрі тілек айту, өз ойын еркін жеткізуге жаттығады. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшеліктеріне сай жасақталған. Инновациялық кешеннің тиімділігі сол, кез келген теледидарға немесе компьютерге оңай қосылады. Бұдан кез келген нәрсені білуге құмар, күніне мың-сан сұрақ қоюға жалықпайтын негештер қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсерде болады. Мамай Ахетовтің айтуынша, құны 100 мың теңге көлеміндегі «Сиқырлы қалам» Алматы қаласындағы балабақшаларға тегін таратылуда. Келешекте «Сиқырлы қаламды» сатып алуға кез келген қазақ отбасының қалтасы көтеретіндей деңгейге жеткізу көзделуде. Ол үшін мемлекеттің көмегі мен қолдауы керек, әрине. Өйткені қазіргі қазақ отбасылары «қара базардағы» қытайлар түзген «Әліппе» интереактивті тақтасын қанағат тұтуға мәжбүр.

«Ерте, ерте, ертеде»

Негізі қазақ ертегілерінің мультфильмін жасағандарға көрермен тарапынан да сын айтылды. Балаларға ұсынылған мультфильмдер жинағындағы көлеңкелі тұсқа келсек, ондағы жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлердің кескін-келбеттері, дене бітімдері асырасілтеушілікке ұрынғандай. Мысалы, кесіп алса, қан шықпайтын аса сараң байлардың түр-тұрпаты тіпті кескінсіз: қарындары қабақтай, қимылдары ебедейсіз, сөздері түйеден түскендей. Ең бастысы, бір бай емес, барлық байдың да, тіпті, әке рөліндегілердің де қолданылатыны — бір бейне. Үш баласына бақұлдасар алдында өсиет айтатын әке де, шық бермес Шығайбайдың рөліндегі сараң бай да, басқа жағымды не бейтарап бейнелер де тек Алдаркөседе кездесетін кейіпкермен шектеледі. Сонымен қатар батыр рөліндегілердің де кескіндері келісіп тұрғаны шамалы. Кейбір батырлардың қарны қампиған, өз денелерін әрең көтеретін жатыпішерлерге ұқсайды. Бұл орайда жинақты құрастырушылар «жағымсыз кейіпкерлерді әдейі солай сомдадық» деген уәж айтылғанмен, келешекте айтылған сынды ескеруге келісті.

Тағы бір «әттеген-ай», Алдаркөсенің қызықты оқиғалары туралы айтылған ертегілерде қарадомалақтардың психологиясына кері әсер ететін әрі қазақы тәрбиеге жат дүниелер де кездеседі. Мысалы, шық бермес Шығайбайдың бәйбішесінің аузынан шығатын «кәрі қақпас», «есалаң», «оңбаған» деген сияқты бейпіл сөздер көп.

Мұндайда жалпы қазақстандық телеарналардан берілетін көркем дүниелермен бірге басылымдардағы қазақ ертегілерінің де сын көтермейтіндері бар. Мәселен деген «Ерте, ерте, ертеде» деген журналда «Баяғыда бір бай екінші әйелі алыпты» деп басталатындары бар. Сонда бесіктен белі шықпай жатып, біздің қарадомалақтар бәйбіше мен тоқалдың, яғни күндестердің тартысын оқуы керек пе? Бұл қаншалықты қажет? Мұндай келеңсіз жайттардың отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын қазақы тәрбиеге кері әсер ететіні белгілі.

 

От редакции: Почему в казахских мультфильмах отрицательные и положительные герои выглядят одинаково? Чему учат детей байбише и Алдаркосе? В Алматы прошла презентация сборника мультфильмов по мотивам казахских сказок.

 

 



Ошибка в тексте ? Выделите ее мышкой и нажмите Ctrl+Enter   Система Orphus
RSS RSS ·  PDA ·  TXT ·  Eng ·  Қаз Видео Фото
Twitter Facebook
Кто есть кто
Барак Обама
Обама Барак Хусейн
1 апреля 2010 года
ПОДПИСКА НА НОВОСТИ
АРХИВ

сентябрь 2014

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30